Ақтөбе облысында атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәсілдері түсіндірілді.

Ақтөбе облысында атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәсілдері түсіндірілді. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындау механизміндегі өзгерістер туралы айтып берді. Қазақстан халқына жолдауында Президент АӘК тағайындау механизмін түзетуді және аз қамтылған отбасылардың балаларына қосымша кепілді әлеуметтік пакет енгізуді тапсырды. "Қабылданып жатқан шаралар нәтижесінде 2020 жылдың басынан бастап атаулы әлеуметтік көмек тағайындау механизміне түзетулер енгізіледі. Негізгі қағидат - мемлекет көмекке мұқтаж адамдарға көмектесетін болады. Бірінші кезекте бұл балалар мен көп балалы отбасылар. Еңбекке қабілетті азаматтар жұмыс істеуі керек, мемлекет оларға жұмысқа орналасуға немесе өз ісін ашуға көмектеседі", - деді Марат Тоқжанов. Шаралар кешені 3 бағытты қамтиды. Біріншісі - көп балалы отбасыларды жеке санатқа алып тастау және оларға кепілді жәрдемақы беру, екіншісі - аз қамтылған азаматтарды қолдау және оларды еңбекке ынталандыру, үшіншісі - АӘК алатын барлық отбасылардың балаларына заттай қолдауды қамтитын кепілді пакет беру.Өзгерістерге сәйкес 4 баласы бар отбасы 42 500 теңге көлемінде жәрдемақы, бес баласы - 53 125 теңге, алты баласы - 63 750 теңге, жеті баласы - 73 370 теңге көлемінде жәрдемақы алатын болады. Мемлекеттік жәрдемақыларды төлеу 4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар көп балалы отбасыларға, табысына қарамастан жүргізіледі. Егер отбасының жалпы табысы өңір бойынша белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан аспаса, онда ұсынылған заң жобасына сәйкес АӘК тағайындалады, алайда отбасының еңбекке жарамды мүшесі жұмыспен қамту органдары ұсынған жұмыспен қамту шараларынан бас тартпауы тиіс.Қазіргі уақытта АӘК 18782 ақтөбелік алады. Алушылар қатарында 143 жеке кәсіпкер бар.Қазіргі уақытта тағы 179 ЖК АӘК алу үшін құжаттарды тапсырды. Артық төленген немесе негізсіз төленген қаражатты қайтару бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, 10 отбасының ішінде бюджетке 1405,3 мың теңге қайтарылды.