Әлеуметтік қорғау жүйесіндегі үздік қызметкер

Қазақстанда үздік әлеуметтік қызметкерлер конкурсы басталды
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жергілікті атқарушы органдар тарапымен бірлесе отырып, ҚР Әлеуметтік қорғау жүйесінің қызметкерлері күніне арналған «Әлеуметтік қорғау жүйесінің үздік қызметкері» конкурсынын басталғанын хабарлайды.
Шара мақсаты – әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлерінің мәртебесін арттырып, аталған саладағы ең озық тәжірибені анықтау.
Конкурс «Зейнетақы жүйесінің үздік қызметкері», «Әлеуметтік сақтандыру жүйесінің үздік қызметкері», «Үздік әлеуметтік қызметкер», «Медициналық-әлеуметтік мекеменің үздік қызметкері», «Үздік әлеуметтік үкіметтік емес ұйым», «Жұмыспен қамту орталығының үздік қызметкері», «Әлеуметтік саланың үздік ұйымдастырушы-менеджері», «Медициналық-әлеуметтік сараптаманың үздік қызметкері» және «Үздік мемлекеттік еңбек инспекторы» атты тоғыз номинация бойынша екі кезеңде өтеді.
Бірінші кезең (өңірлік деңгейде) ағымдағы жылдың 1 мамыр мен 31 тамыз аралығында өтсе, екіншісі ақтық кезең 1 қыркүйек пен 20 қазан аралығында өтеді.
Конкурсқа қойылатын міндетті талаптар: қатысушының әлеуметтік қорғау жүйесіндегі жұмыс өтілі кем дегенде 5 жыл болуы; еңбек жолындағы жетістіктері; ағымдағы жылы тәртіптік және өзге де жазалардың болмауы; еңбек ұжымындағы беделі мен әріптестерінің құрметі.
Конкурсқа қатысу мүмкіндігі туралы толық ақпаратты Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру мен әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан алуға болады.
Естеріңізге сала кетейік, 2011 жылдың 20 қазанындағы Елбасы Жарлығымен бекітілген ҚР Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күні ең жас кәсіби мерекелердің қатарынан саналады. Ол қазан айының соңғы жексенбісінде аталып өтеді.