ҚР заңдылықтарын білуге тестілеу

Азаматтардың мемлекеттік қызметке қабылдану тәртібі
Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы
Қазақстан Республикасының Заңы 2015 жылғы 23 қарашадағы № 416-V ҚРЗ
15-бап. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметке кiру
1. Осы Заңда көзделген жағдайларды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жергілікті өкілді органдардың тағайындауы немесе сайлану жағдайларын қоспағанда, мемлекеттік әкімшілік лауазымға орналасу конкурстық негізде жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік қызметке алғаш рет кіретін немесе оны тоқтатқаннан кейін қайтадан кіретін азаматтарды мемлекеттік әкімшілік лауазымға тағайындау арнайы тексерудің оң нәтижелері алынғаннан кейін жүзеге асырылады.
2-1. Мемлекеттік қызметші мемлекеттік қызметті тоқтатқаннан кейін мемлекеттік лауазымға алдыңғы лауазымнан шаққаннан кейінгі келесі жұмыс күнінен кешікпей орналасқан жағдайда, мемлекеттік қызметке қайтадан кірді деп есептелмейді.
Бұл жағдайда мемлекеттік қызметшіге міндетті арнайы тексеруден өту, сынақ мерзімін белгілеу және кірістері мен өзіне меншік құқығымен тиесілі мүлкі туралы декларацияны тапсыру туралы талаптар қолданылмайды.
3. Қызметтегі судьялар, Парламент депутаттары, тұрақты негiзде жұмыс iстейтiн мәслихат депутаттары, сондай-ақ өз өкілеттіктерін тоқтатқан, оларды теріс себептермен тоқтатқандарды қоспағанда, өз өкілеттіктерін кемінде алты ай орындаған мемлекеттiк саяси қызметшiлер, халықаралық қызметшілер, судьялар, Президенттік жастар кадр резервіне алынған адамдар "А" және "Б" корпусының мемлекеттiк әкiмшілiк лауазымдарына Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасына сәйкес, кадр резервіне іріктеу және конкурс өткізілместен, уәкілетті комиссияның шешімі бойынша орналаса алады.
Қазақстан Республикасының Президенті осы баптың 3-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген адамдарды кадр резервіне іріктеу жүргізбестен және уәкілетті комиссияның шешімінсіз, оларға тағайындау өзімен жүзеге асырылатын "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына тағайындауға құқылы.
Белгіленген біліктілік талаптарына сай келетін "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына уәкілетті органмен келісу бойынша конкурс өткізілместен орналаса алады.
3-1. Белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес келген кезде уәкілетті комиссияның шешімімен мына адамдар "А" және "Б" корпустарының мемлекеттiк әкiмшілiк лауазымдарына конкурс өткізілместен орналаса алады:
1) уәкілетті комиссия айқындайтын халықаралық, шетелдік немесе трансұлттық ұйымдарда, шетелдік мемлекеттік құрылымдарда кемінде соңғы бес жыл жұмыс өтілі бар адамдар;
2) Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия айқындайтын шетелдік жетекші жоғары оқу орындарында докторантура бағдарламалары (PhD, бейін бойынша доктор) бойынша оқуын аяқтаған адамдар;
3) квазимемлекеттік сектор субъектісінде басшы немесе басшының орынбасары лауазымын атқаратын адамдар.
4. Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ əкімдері өкілеттік мерзімі аяқталғаннан кейін бір жыл ішінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасына сəйкес "Б" корпусының мемлекеттік əкімшілік лауазымдарына уəкілетті органмен келісу бойынша конкурс өткізілместен орналаса алады.
Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты жанындағы Сот төрелігі академиясында оқуды бітірген және біліктілік емтиханын тапсырған адамдар оқуды бітіргеннен кейін бір жыл ішінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасына сәйкес соттардың қызметін ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселесі жөніндегі уәкілетті органда және оның аумақтық бөлімшелерінде "Б" корпусының мемлекеттік əкімшілік лауазымдарына уәкілетті органмен келісу бойынша конкурс өткізілместен орналаса алады.
Ескертпе.
Осы бапта халықаралық қызметшілер деп қызметін халықаралық ұйымдарда жүзеге асыратын және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес халықаралық қызметшілер болып мойындалатын, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілер болып табылмайтын азаматтары танылады.
16-бап. Мемлекеттiк қызметке кiру шарттары
1. Мемлекеттік лауазымдарға тиісті біліктілік талаптарына сай келетін, өзінің жеке және кәсіби қасиеттері, денсаулық жағдайы, білім деңгейі бойынша өзіне жүктелген лауазымдық міндеттерді атқаруға қабілетті және Қазақстан Республикасының заңында белгіленген зейнеткерлік жасқа жетпеген Қазақстан Республикасының азаматтары қабылданады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген жасы бойынша шектеу Қазақстан Республикасының Конституциясында және заңдарында олардың өкілеттік мерзімдері айқындалған мемлекеттік саяси лауазымдарға қолданылмайды.
Зейнеткерлік жасқа толған адамды осы бапта көзделмеген өзге жағдайларда мемлекеттік саяси лауазымға Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы ғана тағайындауы мүмкін.
Құқық қорғау органдарының лауазымдарына орналасуға үміткер азаматтарға қойылатын жасына байланысты шектеулер Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.
2. Құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарына оқуға түсетіндерді қоспағанда, құқық қорғау қызметіне алғаш рет кіретін азаматтар құқық қорғау органдарымен келісу бойынша уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен және мерзімдерде олардың жеке қасиеттерін бағалауды қоса алғанда, уәкілетті органда тесттен өтеді.
3. Мемлекеттiк қызметке:
1) егер Қазақстан Республикасының заңнамасында тиісті мемлекеттік лауазымдарға қатысты өзге талаптар белгіленбесе, он сегіз жасқа дейінгі;
2) сот әрекетке қабілетсiз немесе әрекетке қабiлетi шектеулi деп таныған;
3) сот белгiлi бiр мерзiм iшiнде мемлекеттiк лауазымдар атқару құқығынан айырған;
4) бiлiктiлiк талаптарында тиiстi мемлекеттік лауазымдарға орналасу үшiн денсаулық жағдайына арнайы талаптар белгiленген жағдайларда, медициналық мекеменiң қорытындысы негізінде лауазымдық өкiлеттiктердi орындауға кедергi келтiретiн ауруы бар;
5) өзiнiң мәртебесiн және соған негізделген беделiн жеке басының, топтық және өзге де қызметтiк емес мүдделерге пайдалануға алып келуi мүмкін әрекеттерді болғызбау мақсатында өзіне осы Заңда белгiленген шектеулердi қабылдаудан бас тартқан;
6) мемлекеттік қызметке кірер алдындағы үш жыл ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық үшін тәртіптік жауаптылыққа тартылған азаматты қабылдауға болмайды. Бұл ретте мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық үшін қызметтен шығарылған азамат мемлекеттік қызметке жіберілмейді;
7) мемлекеттiк қызметке кiрер алдындағы үш жыл iшiнде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн сот тәртiбiмен әкiмшiлiк жаза қолданылған;
8) сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған;
9) мемлекеттік қызметке кiрер алдындағы үш жыл ішінде қылмыстық теріс қылық немесе онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар жасағаны үшін соттың айыптау үкімі шығарылған немесе қылмыстық теріс қылық немесе онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар жасағаны үшін өзіне қатысты қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексі 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған;
10) мемлекеттiк қызметке кiру уақытына заңда белгiленген тәртiппен өтелмеген немесе алынбаған сотталғандығы бар;
11) ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін бұрын сотталған немесе қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексі 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған;
12) қылмыстық топтың құрамында қылмыс жасаған;
13) қылмыстық топтың құрамындағы қылмыс туралы өзіне қатысты қылмыстық істі қылмыстық қудалау органы немесе сот Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі Ерекше бөлігінің тиісті бабында көзделген бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның төменгі шегінің мерзімі өткенге дейін Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде тоқтатқан;
14) жұмыста (қызметте) дәлелді себепсіз қатарынан үш және одан көп сағат бойы болмауы негізінде шығарылғаннан кейін үш жыл өткен соң мемлекеттік қызметке кіруге құқығы бар азаматты осындай шығару жағдайларын қоспағанда, құқық қорғау органдарынан, арнаулы мемлекеттік органдардан және соттардан, әскери қызметтен теріс себептер бойынша шығарылған азаматты;
15) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда қабылдауға болмайды.
4. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген мәліметтерді көрсетпеу не қасақана бұрмалап көрсету мемлекеттік қызметке қабылдаудан бас тартуға негіз болып табылады.
5. Мемлекеттiк қызметке кiру кезiнде шығу тегіне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге мән-жайларға байланысты қандай да бір кемсітушілікке жол берiлмейдi.
6. Адамдарды құқық қорғау органдарына қызметке қабылдаудағы шектеулер Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.
7. Азаматтың және оның жұбайының (зайыбының) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіппен кірістері және өзіне меншік құқығымен тиесілі мүлкі туралы декларацияны мемлекеттік кіріс органдарына ұсынуы мемлекеттік қызметке кірудің міндетті шарты болып табылады.
Мемлекеттік лауазымға тағайындауға құқығы бар лауазымды адамның (органның) осы Заңның 19-бабының 2-тармағында көзделген жұмысқа қабылдау туралы актісі шыққанға дейін азамат персоналды басқару қызметіне (кадр қызметіне) кірістері мен өзіне меншік құқығымен тиесілі мүлкі туралы декларацияны тапсырғаны туралы анықтаманы ұсынуға міндетті.
26-бап. "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына мемлекеттік қызметке алғаш рет кіретін немесе қайтадан кіретін азаматтарды іріктеу
"Б" корпусының мемлекеттік лауазымдарына алғаш рет кіретін немесе мемлекеттік қызметті тоқтатқаннан кейін оған қайтадан кіретін азаматтар мынадай іріктеу кезеңдерінен өтеді:
1) уәкілетті орган айқындаған тәртіппен тесттен өту;
2) уәкілетті органның қорытындысын ала отырып, жеке қасиеттерін бағалату;
3) "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға арналған жалпы конкурс.
Осы Заңның 15-бабында көзделген жағдайларда, сондай-ақ жергілікті өкілді органдардың тағайындауы немесе Қазақстан Республикасының заңдарына сəйкес сайлау тəртібімен "Б" корпусының мемлекеттік лауазымдарына конкурстан тыс тəртіппен алғаш рет кіретін немесе қайтадан кіретін азаматтарға көрсетілген іріктеу кезеңдері қолданылмайды.
27-бап. "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға арналған конкурс
1. "Б" корпусының бос немесе уақытша бос мемлекеттiк әкiмшілiк лауазымына орналасуға конкурс мынадай түрлерден тұрады:
1) азаматтар арасындағы жалпы конкурс;
2) мемлекеттік қызметшілер арасындағы ішкі конкурс.
1-1. Бос немесе уақытша бос лауазымға орналасуға кандидаттарды іріктеуді мемлекеттік лауазымдарға тағайындауға құқығы бар лауазымды адамның (органның) шешімімен құрылатын мемлекеттік органның конкурстық комиссиясы жүзеге асырады.
Орталық мемлекеттік орган басшысының шешімімен орталық мемлекеттік орган, оның ведомстволары мен аумақтық бөлімшелері үшін бірыңғай конкурстық комиссияны құруға жол беріледі не орталық мемлекеттік орган ведомствосы басшысының шешімімен орталық мемлекеттік органның ведомствосы және оның аумақтық бөлімшелері үшін бірыңғай конкурстық комиссияны құруға жол беріледі.
Облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада, аудандарда, қалаларда тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің бюджеттерінен қаржыландырылатын атқарушы органдар үшін бірыңғай конкурстық комиссияны құруға жол беріледі. Жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандық, қалалық атқарушы органдардың бірыңғай конкурстық комиссиясы осы атқарушы органдардың басшыларын тағайындауға құқығы бар адамның шешімімен құрылады.
Орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының аудандық, қалалық аумақтық бөлімшелері үшін орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының өңіраралық немесе облыстық аумақтық бөлімшесінде бірыңғай конкурстық комиссияны құруға жол беріледі. Аудандық, қалалық аумақтық бөлімшелердің бірыңғай конкурстық комиссиясы орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының өңіраралық немесе облыстық аумақтық бөлімшесі басшысының шешімімен немесе жоғары тұрған органның шешімімен құрылады.
2. Конкурс мынадай бірқатар жүйелі кезеңдерді қамтиды:
1) конкурс өткізу туралы хабарландыруды жариялау;
2) конкурсқа қатысуға ниет білдірген адамдардан құжаттар қабылдау;
3) конкурсқа қатысушылардың құжаттарын белгіленген біліктілік талаптарына сәйкестігі тұрғысынан қарау;
4) конкурсқа қатысушылармен мемлекеттік органның конкурстық комиссиясы өткізетін әңгімелесу;
5) мемлекеттік органның конкурстық комиссиясының қорытындысы.
Конкурс Қазақстан Республикасының мәдениет, дене шынықтыру және спорт, білім беру және денсаулық сақтау саласындағы заңдарға сәйкес әңгімелесу кезеңінің алдында конкурсқа қатысушыларды келісудің қосымша кезеңін қамтиды.
Конкурс өткізу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
3. Орталық мемлекеттік органдарда, ведомстволарда және олардың аумақтық бөлімшелерінде конкурс өткізу кезінде хабарландырулар орталық мемлекеттік органдардың және уәкілетті органның интернет-ресурстарында орналастырылады. Хабарландыруларды Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына таралатын мерзімді баспасөз басылымдарында қосымша жариялауға жол беріледі.
Жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдарда конкурс өткізу туралы хабарландырулар жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың және уәкілетті органның интернет-ресурстарында орналастырылады. Хабарландыруларды тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағына таралатын мерзімді басылымдарда қосымша жариялауға жол беріледі.
Персоналды басқарудың бірыңғай қызметі (кадр қызметі) құрылған жағдайда хабарландырулар өзі соның құрылымында тұрған мемлекеттік органның интернет-ресурсында да орналастырылады.
3-1. Егер орталық атқарушы органның немесе оның ведомствосының өкілеттіктеріне осы орталық атқарушы органның немесе оның ведомствосының қызмет бағыттары бойынша жергілікті атқарушы органдарды үйлестіру жататын болса, онда осы орталық атқарушы органның немесе оның ведомствосының өкілдері облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын тиісті атқарушы органдарының басшылары лауазымдарына орналасуға конкурстар өткізу үшін құрылатын конкурстық комиссиялардың жұмысына қатысуға құқылы.
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын атқарушы органдарының басшылары лауазымдарына орналасуға конкурстар өткізу үшін конкурстық комиссия құратын мемлекеттік орган тиісті орталық атқарушы органға конкурстық комиссияның құрамына кандидатура ұсыну туралы сұрау салуды жіберуге міндетті.
4. Егер конкурс "Б" корпусының уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымына өткізілсе, осы шарт конкурс өткізу туралы хабарландыруда көрсетілуге тиіс.
5. Конкурстық комиссияның оң қорытындысын алған конкурсқа қатысушының "Б" корпусының бос немесе уақытша бос мемлекеттiк әкiмшілiк лауазымына орналасуға құқығы бар. Тағайындау құқығы бар лауазымды адам оны жарияланған мемлекеттік лауазымға қабылдауға мiндеттi. Бұл ретте Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасында көзделген талаптар сақталуға тиiс.
6. Конкурстық комиссияның шешiмiне қатысты уәкілетті органға не сотқа шағым жасауға болады.
7. Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары көмекшілерінің немесе кеңесшілерінің, баспасөз хатшыларының бос немесе уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурс өткізілместен орналасуға жол беріледі.
Аталған адамдарды мемлекеттік орган ішінде кейіннен ауыстыруға жол берілмейді.
Бұл ретте, осы тармақтың бірінші бөлігінде аталған адамдар тестілеуден және жеке қасиеттерін бағалаудан өткен жағдайда ішкі конкурсқа қатысуға жіберіледі.
8. Теріс себептермен немесе олардың қызметін бағалау, сынақ мерзімінің не аттестаттау қорытындыларының нәтижелері бойынша қызметтен шығарылғандарды қоспағанда, адам мемлекеттік қызметтен шығарылған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде, егер ол өзге жеке және мемлекеттік органдар болып табылмайтын заңды тұлғалармен еңбек қатынастарында тұрмаған, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан тыс жерге шықпаған жағдайда, тестілеуден өтпестен, "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға конкурсқа және сайлауға қатысуға құқылы.
Бұл жағдайларда осы адамға міндетті арнайы тексеруден өту және бұрынғы жұмыс орны бойынша кірістері мен өзіне меншік құқығымен тиесілі мүлкі туралы декларация тапсырған жағдайда, оны тапсыру туралы талаптар қолданылмайды.
Бұл ретте, осы мемлекеттік органның мемлекеттік қызметшілері арасындағы ішкі конкурсқа осы мемлекеттік органнан шығарылған адам ғана қатысуға құқылы.
9. Конкурсқа қатысатын мемлекеттік қызметшілер тестілеуден өтпейді.
Конкурсқа қатысатын мемлекеттік қызметшілер мен осы баптың 8-тармағының бірінші бөлігінде аталған адамдар уәкілетті орган айқындайтын жағдайларда жеке қасиеттерін бағалаудан өтеді.
10. "Б" корпусының бос немесе уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурс өткізілместен, ауысу тәртібімен орналасу Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын жағдайларда және тәртіппен жүзеге асырылуы мүмкін.
28-бап. Жалпы конкурс
1. Жалпы конкурс "Б" корпусының бос немесе уақытша бос болып табылатын төменгі мемлекеттік әкімшілік лауазымына, сондай-ақ осы Заңның 29-бабының 2-1 және 3-тармақтарында көзделген жағдайларда төменгі лауазым болып табылмайтын өзге бос немесе уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымға орналасу үшін өткізіледі.
2. "Б" корпусының төменгі болып табылмайтын өзге де бос және (немесе) уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасу үшін жалпы конкурс орталық атқарушы органда не оның ведомствосында уәкілетті органмен келісу бойынша, ал орталық мемлекеттік органның немесе оның ведомствосының аумақтық бөлімшесінде не жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органда уәкілетті органның аумақтық бөлімшесімен келісу бойынша өткізіледі.
Осы Заңның 29-бабында көзделген ішкі конкурс өткізу жөніндегі талаптардың сақталмауы жалпы конкурс өткізуден бас тартуға негіз болып табылады. Келісу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
3. Жалпы конкурсқа қатысуға тест рәсімдерінен алдын ала өткен және уәкілетті орган белгілеген мәндерден төмен емес нәтижелері бар азаматтар жіберіледі.
Тест нәтижелеріне шағым жасау тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
Мемлекеттік қызметке кіру кезінде конкурстық комиссия Қазақстан Республикасы азаматтарының қоғамдық бірлестіктер, қоғамдық кеңестер, үкіметтік емес ұйымдар жұмысына қатысқанын, волонтерлік, қайырымдылық қызметті жүзеге асырғанын ескереді.
4. Уәкілетті орган және оның аумақтық бөлімшелері қорытынды бере отырып, азаматтардың жеке қасиеттерін бағалауды жүргізеді. Азаматтардың жеке қасиеттерін бағалауды жүргізу тәртібін уәкілетті орган айқындайды. Азаматтардың жеке қасиеттерін бағалау нәтижелерін конкурстық комиссия шешім қабылдау кезінде ескереді.
29-бап. Ішкі конкурс
1. "Б" корпусының бос немесе уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасу үшін мемлекеттік орган осы мемлекеттік органның мемлекеттік қызметшілері арасында ішкі конкурс өткізеді, оған аумақтық бөлімшелердің, ведомствоның және оның аумақтық бөлімшелерінің мемлекеттік қызметшілері де, сондай-ақ осы Заңда және Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметiнің құқықтық негіздерін, сондай-ақ оның жұмысын ұйымдастыру тәртібiн белгілейтін заңда айқындалған өзге де адамдар қатысуға құқылы.
Персоналды басқарудың бірыңғай қызметі (кадр қызметі) немесе бірыңғай конкурстық комиссия құрылған жағдайда ішкі конкурс аталған қызмет немесе комиссия солар үшін құрылған мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілері арасында өткізіледі.
1-1. Орталық мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелері өткізетін осы мемлекеттік органның мемлекеттік қызметшілері арасындағы ішкі конкурстарға орталық мемлекеттік органның, сондай-ақ осы орталық мемлекеттік органның өзге де аумақтық бөлімшелерінің, оның ведомствосының және осы ведомствоның аумақтық бөлімшелерінің мемлекеттік қызметшілері де қатысуға құқылы.
1-2. Орталық мемлекеттік органның ведомствосы өткізетін осы мемлекеттік органның мемлекеттік қызметшілері арасындағы ішкі конкурстарға осы орталық мемлекеттік органның және оның аумақтық бөлімшелерінің, сондай-ақ ведомствоның аумақтық бөлімшелерінің мемлекеттік қызметшілері де қатысуға құқылы.
1-3. Орталық мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшелері өткізетін осы мемлекеттік органның мемлекеттік қызметшілері арасындағы ішкі конкурстарға осы орталық мемлекеттік органның, орталық мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелерінің, ведомствоның және осы ведомствоның басқа да аумақтық бөлімшелерінің мемлекеттік қызметшілері де қатысуға құқылы.
1-4. Жергілікті атқарушы орган және (немесе) жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы орган өткізетін осы мемлекеттік органның мемлекеттік қызметшілері арасындағы ішкі конкурсқа осы облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың барлық жергілікті атқарушы органдарының және (немесе) жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдарының мемлекеттік қызметшілері де қатысуға құқылы.
2. Конкурстық комиссияның немесе бірыңғай конкурстық комиссияның оң қорытындысын алған конкурсқа қатысушылар болмаған кезде барлық мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілері арасында ішкі конкурс өткізіледі.
"Б" корпусының бос немесе уақытша бос болып табылатын төменгі мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасу үшін ішкі конкурс өткізілмейді.
2-1. Егер осы мемлекеттік органның мемлекеттік қызметшілері арасында ішкі конкурс өткізген кезде конкурстық комиссияның немесе бірыңғай конкурстық комиссияның оң қорытындысын алған қатысушы болмаса, уәкілетті орган айқындайтын жағдайларда мемлекеттік орган барлық мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілері арасында ішкі конкурс өткізбестен, жалпы конкурс өткізе алады.
3. Мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілері арасында конкурстық комиссияның немесе бірыңғай конкурстық комиссияның оң қорытындысын алған конкурсқа қатысушылар болмаған жағдайда осы Заңның 28-бабына сәйкес жалпы конкурс өткізіледі.
4-1. Мемлекеттік орган құрылған кезде осы мемлекеттік органның мемлекеттік
30-бап. Мемлекеттік лауазымға тағайындау
1. Азаматтарды мемлекеттік лауазымдарға тағайындауды және мемлекеттік қызметшілерді мемлекеттік лауазымдардан босатуды лауазымдық өкілеттіктеріне сәйкес осындай құқығы бар лауазымды адам (орган) не өзіне осындай өкілеттіктер берілген өзге де лауазымды адам (орган) жүзеге асырады.
2. Азаматтардың мемлекеттік қызметке кіруін ресімдеу кезінде мемлекеттік орган Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасы талаптарының сақталуын қамтамасыз етеді.
3. Персоналды басқару қызметтері (кадр қызметтері) мемлекеттік қызметшілерге қызметтік тізімді толтырады. Қызметтік тізім нысанын уәкілетті орган бекітеді.ҚР заңдылықтарын білуге тестілеу
Добавлено: 
16.07.2012 - 05:00
Последние изменения: 
15.05.2020 - 05:00